Қазақстанда ТЖ алдын алу бойынша волонтерлердің мобильді топтары құрылады

Қазақстанда ТЖ алдын алу бойынша волонтерлердің мобильді топтары құрылады
Фото: gov.kz

Астанада XII Азаматтық форумға дайындық аясында ТЖМ, ҮЕҰ және волонтерлер дөңгелек үстелде бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кездесу төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге арналды.

Дөңгелек үстел жұмысына ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті мен Төтенше жағдайларды жою департаментінің басшылығы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық альянсының өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі ТЖ департаменттерінің басшылары мен 100-ден астам ҮЕҰ және волонтерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Кәрімбаев волонтерлер мен ҮЕҰ-ның рөлін ерекше атап өтті.

– Бүгінде біз волонтерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың тек көмекшілер ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сенімді серіктестер екенін көріп отырмыз. Олардың үлесі — бұл мыңдаған құтқарылған өмір. Мемлекеттік органдар осы әлеуетті тиімді пайдалануы қажет, – деді ол.

Іс-шара барысында 219 ұйымға біріккен 44 мыңнан астам волонтердің үлесі атап өтілді. ТЖМ олармен үш негізгі бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде: зардап шеккендерге көмек көрсету және гуманитарлық қолдау, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысу, іздестіру-құтқару операциялары.

– Ынтымақтастықты дамытудың жол картасы аясында 2025 жылы өңірлік ТЖ департаменттері базасында төтенше жағдайларға ден қою бойынша арнайы дайындықтан өткен волонтерлердің мобильді топтары құрылатыны айтылды. ТЖМ волонтерлерді оқытуға ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын шамамен 2 000-ға жуық волонтерлік ұйымдардың үйлестірушілері мен көшбасшылары дайындықтан өтеді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың қазан айында өңірлік волонтерлер форумы өткізіледі. Ол табиғи және техногендік апаттар жағдайында іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтауға арналған практикалық алаңға айналмақ, – деді ҚР ТЖМ баспасөз орталығы.

ТЖМ ҮЕҰ мен волонтерлерді халықтың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы негізгі серіктестер ретінде қарастыра отырып, азаматтық сектормен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастырады.