Қазақстандық теміржолда жаңа плацкарт вагондары пайда болады

Қазақстандық теміржолда жаңа плацкарт вагондары пайда болады
Фото: railways.kz

Бұл вагондар еліміздің қатал климаты мен ұзақ жолдың жүктемесін ескере отырып, ең жоғары халықаралық стандарттар бойынша жобаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Штадлер Қазақстан» компаниясы жолаушылар асыға күткен жаңа үлгідегі плацкарт вагондарының алғашқы бейнелерін жұртшылыққа таныстырды. Енді қазақстандықтар заманауи технологиялармен жабдықталған, кең әрі жайлы вагондармен саяхаттай алады.

– Жаңа плацкарт вагондары 58 жолаушыға шақталған және ішкі кеңістігі барынша тиімді ұйымдастырылған. Әр орында жеке жарықтандыру шамы, 220V розеткасы, USB және USB-C порттары қарастырылған. Сондай-ақ жоғарғы орындарға шығу үшін жаңа үлгідегі ыңғайлы баспалдақтар орнатылып, заттарды сақтауға арналған багаж сөрелері кеңейтілген. Жолаушылардың қолайлығы үшін тіпті орталық үстелдердің өзі 200 келіге дейінгі салмақты көтере алатын берік материалдан жасалған, – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Компанияда атап өткендей, алғашқы Stadler вагондары 2026 жылдан бастап Астанадан Алматы, Семей, Шымкент және Атырау бағыттары бойынша қатынай бастайды. Келісім аясында 2030 жылға дейін барлығы 557 вагон пайдалануға берілмек. 

Ерекше атап өтерлігі, Stadler компаниясы бұл вагондарға 20 жыл бойы сервистік қызмет көрсетуді өз мойнына алды, бұл жолаушылар қауіпсіздігі мен жайлылығының ұзақ мерзімді кепілі болмақ.