Павлодарлық Мария Мудряк Алматыда опера мен зергерлік өнерді ұштастырды

Павлодарлық Мария Мудряк Алматыда опера мен зергерлік өнерді ұштастырды
Фотосурет Мария Мудряктың әлеуметтік желісінен

Опера әншісі Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланысты дәріптеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық опера әншісі Мария Мудряк Алматы өнер музейінде өткен Bvlgari жоғары зергерлік өнер кешінің басты кейіпкерлерінің бірі болды. Ол қазақстандық дизайнерлердің бірнеше сән үлгісін киіп, оларды италиялық брендтің алқа, білезік және сағаттарымен толықтырды.

Өнер иесі кештен алған әсерімен Instagram парақшасында бөлісті.

– Бұл барлық жағынан ерекше әдемі кеш болды. Өнер музейінің керемет ғимаратында классикалық зергерлік және музыкалық өнер тоғысты. Бұл екі өнердің ұқсастығы көп. Екеуінің де негізінде табиғи сұлулық жатыр. Тынымсыз еңбектің арқасында сол сұлулық жарқырап, адамдарға ұмытылмас әсер сыйлайды, – деп жазды әнші.

Заманауи өнер музейінде алғаш рет ұйымдастырылған салтанатты кешкі астың басты оқиғасы Мария Мудряктың өнер көрсетуі болды. Ол Джузеппе Верди, Луиджи Ардити және Джакомо Пуччини шығармаларынан опералық ариялар орындады.

Мария Мудряк – Милан консерваториясын үздік бітірген ең жас түлек. Ол италиялық опера дәстүрін терең меңгерген қазақстандық әншілердің бірі саналады.

«Болашақ» бағдарламасының бұрынғы стипендиаты бүгінде Миланда тұрып, түрлі елдердің сахналарында өнер көрсетеді. Қазақстан азаматтығын сақтап қалған әнші жылына бірнеше рет туған еліне келіп тұрады.

Айта кетейік, Bvlgari – 1884 жылы негізі қаланған италиялық зергерлік бренд. Компания зергерлік бұйымдармен қатар сағаттар, парфюмерия және аксессуарлар шығарады. Бренд халықаралық LVMH тобының құрамына кіреді.