Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің қанша гектары игеруге берілді

Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің қанша гектары игеруге берілді
Фото: ҚР Үкіметі телеграм каналынан алынды

Бұл көрсеткіш 12,2 млн гектарды құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Үкіметінің мәліметінше, бұл мәліметтер Үкімет үйінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің (ЖРБК) мәліметінше, 2022–2024 жылдары мемлекеттік меншікке қайтарылған 12,2 млн гектар жердің 5,9 млн гектары қайта бөлінді. Оның ішінде, елді мекен маңындағы екі млн гектар жайылым жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілді. Қалған 3,9 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында конкурс арқылы таратылды. Соңғы үш жылда жергілікті инспекциялардың араласуынан кейін бұрын пайдаланылмай жатқан 3,8 млн гектар жерді бұрынғы жер иелері қайта игере бастады.

2025 жылы мемлекеттік меншікке қайтарылуы жоспарланған екі млн гектар ауыл шаруашылығы айналымындағы жердің қазірдің өзінде 979,1 мың гектары қайтарылды.