«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы құрылды
Елордада жетекші қоғамдық-саяси күштер «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жалпыұлттық Коалицияның баспасөз қызметі хабарлауынша, құрамына бес саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым кірді.
Жиында қатысушылар Жаңа Конституция жобасы саяси жүйені қоғам сұранысына сай жаңғыртып, билік тармақтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететінін атап өтті. Мәжіліс төрағасы, коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов құжатты тарихи маңызы бар деп атап, онда адам құқығы мен әділеттілік қағидаттары басты орынға қойылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл – елдегі ауқымды реформалардың заңды жалғасы.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де Жаңа Конституция елдің инновация мен білімге негізделген дамуына серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар бірқатар партия жетекшілері, депутаттар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар сөз сөйлеп, құжаттың саяси жаңғыруға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталғанын қолдады.
Жиында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нығайып келе жатқаны, Конституциялық Соттың жұмысы, заңсыз активтерді қайтару және ұлттық ресурстарды әділ бөлу шаралары атап өтілді.
Құжаттың ашық диалог негізінде әзірленгені, Конституциялық комиссия жұмысы жария түрде өткендігі айтылды. Талқылау барысында 10 мыңнан астам ұсыныс түсіп, олар жобада ескерілген.
Алдағы уақытта коалиция мүшелері өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, референдум қарсаңында тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және сарапшылармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.