1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Оның айтуынша, биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың тең санын қамтамасыз ету үшін пропорционалды іріктеу жүргізу.
– Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу тек сол бағыттар шеңберінде өтеді. Бұл нақты салалардағы кадр қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді, – деді агенттік төрағасы.
Іріктеу алты негізгі сала бойынша өтеді: инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Кандидаттар тіркелу кезінде осы салалық бағыттардың бірін таңдайды.
Үміткерлерге қойылатын талаптар өзгермейді: 35 жасқа дейін, жоғары білім, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білу. Құжаттар 1–30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz платформасында онлайн қабылданады.
Іріктеу алты кезеңнен тұрады. Кандидаттар алдымен мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін тексеретін тестілеуден өтеді. Одан кейін салаға қатысты ситуациялық эссе жазып, офлайн форматта ассессмент-орталық пен HR-сұхбаттарға қатысады. Соңғы кезең – сарапшылық комиссиямен сұхбат. Осы кезеңдердің нәтижесінде Ұлттық комиссия үздік 50 кандидаттан тұратын тізімді бекітеді.
Бағалау процесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қатысушылардың жеке деректері жасырылып, нәтижелер жеке кабинет арқылы жарияланады. Дархан Жазықбайдың айтуынша, бұл шара кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, сондай-ақ жастардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға ықпал етеді.
– Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуының басты қозғаушы күші. Жастардың білімін, әлеуеті мен күш-жігерін ел игілігі үшін тиімді пайдалану – Агенттік жұмысының басты бағыттарының бірі, – деді Дархан Жазықбай.
Бұған дейінгі іріктеулерге 60 мыңнан астам адам қатысып, 400 үміткер резервке қабылданған болатын. Бүгінде олардың 318-і мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда түрлі қызмет атқаруда.