Балаларға медициналық көмек: күрделі оталар сақтандыру есебінен жасалады
Қазақстанда балаларға медициналық көмек жүктілік кезеңінен бастап, диагностика, емдеу және оңалту шараларына дейін көрсетіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында балаларға күрделі оталар мен мамандандырылған медициналық қызметтер де қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, балаларға жиі көрсетілетін мамандандырылған көмектің қатарында аппендицитке байланысты оталар, жарақаттарды хирургиялық өңдеу, күйіктер мен сынықтарды емдеу, сондай-ақ құлақ, мұрын және тамақ ауруларына қатысты оталар бар. Атап айтқанда, аппендэктомия 11,6 мың жағдайда, жарақаттарға байланысты көмек 11 мың жағдайда, ал ЛОР бағытындағы оталар 4,2 мың жағдайда көрсетілген.
МӘМС аясында жүрек пен бауыр трансплантациясы, дің жасушаларын ауыстырып салу, дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін эпилепсия кезінде кезбе жүйкені ынталандыру және есту аппаратын имплантациялау сияқты күрделі медициналық араласулар да жасалады.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында осындай медициналық көмекке 3,3 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған. Осы кезеңде бір жүрек, үш бауыр трансплантациясы, дің жасушаларын ауыстырып салудың 36 жағдайы, кезбе жүйкені ынталандырудың 52 процедурасы және есту аппаратын имплантациялаудың 254 жағдайы тіркелген. Мұндай емдеу шараларының орташа құны 8 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін жетеді.
Балаларға арналған медициналық қызметтерге стоматологиялық көмек те кіреді. Сақтандыру пакеті шеңберінде жоспарлы және шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Туа біткен жақ-бет патологиялары бар балаларға, сондай-ақ 6–12 жастағы аз қамтылған отбасылардың тіс-жақ аномалиялары бар балаларына ортодонтиялық көмек ұсынылады. Оның ішінде тіс-жақ ақауларын түзетуге арналған алмалы-салмалы пластинкаларды қолдану қарастырылған.
Балалардың денсаулығын қорғау – олардың сапалы білім алып, қабілетін дамытып, болашаққа сеніммен қадам басуының маңызды шарты. Уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету жас ұрпақтың саулығын сақтауға және қоғамның әл-ауқатын нығайтуға ықпал етеді.