10-қабаттан секірген: Павлодарда қорлық көрген бойжеткен баспаналы болды
Апалы-сіңліге пәтер сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ксюша мен әпкесінің енді өз үйі бар. Оның қалыпқа келуі ұзаққа созылғаны белгілі. Шамамен бір жыл бұрын біздің қамқорлығымыздағы Ксюша топтық зорлықтан қашу үшін 10-қабаттан секіріп кеткен. Адвокат Гүлмира Қажиевамен Ксюша кінәлілердің жазаға тартылуына қол жеткізіп, апелляциялық сотта жеңіске жетті, – деді «НеМолчиKZ» қорының парақшасында.
Еске сала кетейік, іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық жағдайда қаралды.
Оқиға былтырғы жылдың шілде айында болған. Үш жігіт 16 жастағы қызды алдап, пәтерге кіргізіп, зорлаған. Кейін жасөспірім 10-қабаттан секіріп кеткен. Ағаштардың үстіне құлаған қыз аман қалып, бірнеше ай бойы ауруханада жатты. Екі күдікті былтырғы жылдың шілде айында, ал үшінші күдікті қаңтарда қамауға алынды.
Сотталушылар – Ертіс ауданының 19, 22 және 24 жастағы үш тұрғыны.
Сот шешімімен 19 жастағы айыпталушы қызды зорлағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына педагогикалық қызметпен айналыса алмайды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге құқы жоқ. Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушіге моральдік зиянның өтемақысы ретінде 8 миллион теңге өндіріліп алынады.
Қалған екі айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылды. Олар төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаларын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.