Майқайың кенішінде соңғы құтқарушының денесі табылды
Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел тергеу тобына берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
– Марқұмға иман байлығын берсін. Бүгін сағат 16.20-да «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы – жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Қайғылы оқиғадан кейін жеті ай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қаза болған жандардың туыстары сияқты біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтты.
– Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде сағат 16:05-те экскаватордың көмегімен топырақты шығару кезінде 75 метр тереңдікте жүргізушінің денесі табылып, сараптамаға жіберілді. Жұмыстарға әртүрлі қызметтердің 200-ден астам қызметкері тартылды. 180 мың тоннадан астам тау массасы шығарылды. Бұл шағын экскаваторға автобустың орналасқан жеріне түсіп, жұмысты бастауға мүмкіндік берді, – деді Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев.
Еске сала кетейік, 4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.
19 шілдеде құтқарушы Айдос Шаймерденнің денесі табылып, Майқайыңда жаназасы шығарылды.
Іздестіру жұмыстарына әртүрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылды, өңірдің барлық авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылды.
Фото Асайын Байхановтың Іnstagram парақшасынан алынды