Павлодар облысында жолда ұйықтап кеткен жүргізуші патурльдік автокөлікке соқтығысты
Жол-көлік оқиғасы Омбы-Майқапшағай автожолының 559 шақырымында орын алған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр күні Аққулы ауданы Шарбақты ауылының маңында такси жүргізушісі Skoda Superb автокөлігінде қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, Skoda Rapid патрульдік автокөлігімен соқтығысқан.
– Жол апаты салдарынан Skoda Superb автокөлігінің жолаушылары – Өскемен қаласының 26 жастағы тұрғыны, Абай облысының 21 жастағы тұрғыны және 2013 жылы туған кәмелетке толмаған астаналық медициналық көмекке жүгінді. Автопатрульдің 60 км/сағ жылдамдықпен қозғалғаны анықталды. Шағын жарқырауықтар мен фаралар қосылған, – деп жазылған хабарламада.
Жүргізушінің айтуынша, көлікті басқарған кезде ол рөлде ұйықтап кеткен. Жол жүру ережелерін бұзғаны үшін Skoda Superb жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 610-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Сондай-ақ Павлодар облысының полиция департаменті қызметтік автокөлік бойынша материалдық залалды өтеу үшін сотқа жүгінуге ниетті.