Екібастұзда дәріхана мен көшені ыстық су басты

Екібастұзда дәріхана мен көшені ыстық су басты
Фото:pixabay.com

Гидравликалық сынақтарды жүргізу барысында жылу желісінде ақаулар анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде Екібастұз қаласындағы көшелердің бірінде ыстық су атқылап жатқан видео жарияланды. Бейнежазбада дәріхана мен көшенің бір бөлігін су басқаны көрінеді. Коммуналдық қызметтің мәліметінше, ақаудың шыққан жері анықталды. 

– № 62 орталық жылу пунктіне апаратын жылу желісінде ыстық сумен жабдықтауды іске қосу барысында зақымдану анықталды.  Нысандарға ыстық су беру ақау жойылғанға дейін тоқтатылды, – деді «Павлодарэнерго» ЖШС-нің баспасөз қызметінде. 

«Екібастұз жылу желілері» кәсіпорнының директоры Евгений Банченконың сөзінше, кеншілер шаһарында магистральдік және орамішілік жылу желілерінің беріктігі мен тығыздығына гидравликалық сынақтар жүргізілді. Қазіргі уақытта ақау шыққан жер анықталды. Зақымдануды жою жұмыстары жалғасуда.