Ақсуда жаңа қазандықты іске қосудың екі жолы ұсынылды
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде 2020 жылы салынған жаңа қазандықтың жағдайымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«KBI Energy» ЖШС директоры Дәулет Абдрахановтың айтуынша, қазандық іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізуге жүз пайыз дайын.
– Тапсырыс берушімен келісім бойынша 19 қазанда мемлекеттік сараптаманы күтеміз. Осыдан кейін іске қосу және жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз. Алты қазандықтың толық қуаты – 30 гигакалориядан. Отын мен көмір қоры бар, барлық желілер қосылған,– деді Дәулет Абдрахманов.
Дайындық жұмыстары толық болса да, жаңа қазандық биылғы жылыту маусымында іске қосылмайды. Оған бастапқы жобада қарастырылмаған қосымша ұсақтағыш құрылғысының орнатылуы себеп болып отыр. Мердігер жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бастапқы дайындауда қателіктер жіберген.
Асайын Байханов мәселені шешудің екі жолын ұсынды.
– Мердігермен және облыстық энергетика басқармасымен кездесіп, жол картасын жасаған едік. Бұл жерде екі жол бар: бірнішісі – жаңағы қосымша жабдықтарды жобадан алып тастау керек. Екіншісі – жобалау-сметалық құжаттамаға өзгеріс енгізіп, қайтадан мемлекеттік сараптамадан өткізу. Сондай талап қойдық, – деді аймақ басшысы.
Оның сөзінше, қазандықтың салумен айналысқан мердігерлер қазанның аяғында мемлекеттік сараптамадан қайтадан өтіп, жабдықтарды заңдастыруды жоспарлап отыр. Бұл рәсімдерге қосымша қаражат бөлінбейді, яғни сараптаманың төлемін мердігер өзі көтереді.
– Қазандық биылғы жылыту маусымына пайдалануға берілмейді. Оның өзіндік тәртібі, ережесі бар. Бүгінгі күні Ақсу қаласында жылыту маусымына қатысты мәселе туындап отырған жоқ. Қазір істеп тұрған қазандық бар. Ол жерде жөндеу жұмыстары мәреге жетіп қалды. 10 күн ішінде аяқталу керек,– деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыс әкімі қазандықты іске қосу жұмыстарына мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін көшетінін атап өтті.
– Қуаттылығын ескере отырып, кем дегенде екі-үш ай кетеді. Бірнеше кезеңнен өтеді: температура, желілік су қысымын сынау және тағы басқа. Ал жаңа қазандықтың толықтай іске қосылу мерзімін айта алмаймын, алдымен мемлекеттік сараптамадан өтіп, қосымша орнатылған жабдықты заңдастыру қажет, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Ақсуда жаңа қазандықтың жобасы 2015 жылы әзірленіп, құрылысы 2017 жылы басталған болатын. 2023 жылдың басында Павлодар облысының әкімі жобаның тоқтап қалу себебін зерделеуді тапсырған.