Алимент: Павлодар облысында әкесі баласына 10 миллион теңге қарыз
Ол 2017 жылдан бері алимент төлемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баланың өміріне ата-ана тең жауапты. Десе де, кей кезде туған перзентіне беруі тиіс алиментті төлеуге келгенде салғырттық танытып жататын әкелер аз емес.
Бүгінде полиция департаментінде борышына бей-жай қарайтындарды анықтау және іздестіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Осының аясында полиция қызметкерлері 2017 жылдан бері кәмелетке толмаған баласын асырауға алимент төлеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 50 жастағы ер адамды анықтады. Қарыз сомасы шамамен 10 миллион теңгені құрайды.
– Қарыздың ірі көлемі және балаларға көрсетілетін көмектен қасақана жалтару фактісі қылмыстық істің қозғалуына негіз болды, – дейді тәртіп сақшылары.
Полиция департаменті алимент төлеуден жалтару тек материалдық салдарға ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады. Алимент төлемегені үшін жауапкершілікке тарту мақсатында полицейлер бірқатар кешенді іс-шаралар жүргізеді. Өндіріп алушыдан арыз түскеннен кейін құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, сот шешімі мен қарыз туралы мәліметтерді қоса алғанда қажетті құжаттар сұратылады. Борышкер түсініктеме беру үшін шақырылады, ал шақыртуға келуден жалтарған жағдайда оны іздестіру ұйымдастырылады.