Асайын Байханов: 25 қазан – Қазақстан тарихындағы айшықты күн
Облыс әкімі өңір тұрғындарын Республикасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Құрметті өңір тұрғындары! Сіздерді еліміздің ұлттық мерекесі - Қазақстан Республикасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! 25 қазан – Қазақстан тарихындағы айшықты күн. 33 жыл бұрын еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды, шекараларға қол сұғылмаушылық, мемлекеттілік қағидаттары айқындалды. Ұлттық құрылтай отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарды, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы бүгінде Павлодар облысы Қазақстанның индустриалды дамыған өңірлерінің бірі болып табылатынын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң серпінді сақтап келе жатқанын атап өтті.
– Біз өз жетістіктеріміз үшін ең алдымен өңіріміздің тұрғындарына алғыс айтамыз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, туған Ертіс өңіріне деген шексіз махаббаттарыңыздың арқасында облысымыз тұрақты дамып, көркейіп келеді. Сіздерге мықты денсаулық пен амандық тілеймін, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі ортақ үйімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім орнауын, қол жеткізілген жетістіктер сақталып, болашақта тек еселене беруін тіледі.