Екібастұз қаласының әкімі тұрғындарды мерекелік концертке жаяу келуге шақырды

Екібастұз қаласының әкімі тұрғындарды мерекелік концертке жаяу келуге шақырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгін кеншілер шаһарында Теміржолшылар күні кең көлемде тойланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осыған орай Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин тұрғындарға мерекелік концертке қатысты үндеу жасап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Қала әкімінің айтуынша, мерекелік іс-шара өтетін аумақта көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Сондай-ақ концерт өтетін алаңның маңындағы автотұрақтар уақытша қолжетімсіз болады. Осыған байланысты тұрғындарға мүмкіндігінше мерекелік алаңға жаяу келу ұсынылады.

– Сіздерден мүмкіндігінше мереке өтетін алаңға жаяу келулеріңізді сұраймын. Өйткені концерт өтетін аумақтың маңындағы автотұрақтар қолжетімсіз болады және көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады, – деді Аян Бейсекин.

Қала басшысы тұрғындарды көпшілік жиналатын орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтауға да шақырды. Оның айтуынша, адам көп жиналатындықтан, мүмкіндігінше кішкентай балалар мен балалар арбасын алып келмеген жөн.

Сондай-ақ тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтап, айналасындағыларға мұқият болу және қандай да бір жағдай туындаса, полиция қызметкерлеріне немесе іс-шараны ұйымдастырушыларға жүгіну ұсынылды.

Айта кетейік, Теміржолшылар күніне арналған мерекелік концерт барысында қоғамдық қауіпсіздікті құқық қорғау органдары мен тиісті қызметтердің қызметкерлері қамтамасыз етеді.