Асайын Байханов ауыл тұрғындарын Железин ауданының мерейтойымен құттықтады

Железин ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай өңір басшысы аудан тұрғындары мен қадірменді жерлестерге арнаулы құттықтау жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов тарихы терең, дәстүрі бай Железин ауданының Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– 90 жыл – бұл бір кезең ғана емес, тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде аудан халқы адал еңбегімен, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қажырлы еңбегі арқылы танылып келеді. Ауыл шаруашылығы мен өндірістегі, білім мен мәдениеттегі, денсаулық сақтау мен кәсіпкерліктегі жетістіктер – сіздердің бірлігі мен табандылықтарыңыздың айқын жемісі, – деді әкім.
Мерейтой қарсаңында ауданның дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматтарға алғыс білдіріліп, болашақта да үлкен жетістіктер мен игі істер күтетіні атап өтілді.
Әкім тұрғындарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, туған жердің игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік пен табыс тіледі.