Павлодарлық фельдшерлер босануды тура реанимобильде қабылдады

Павлодарлық фельдшерлер босануды тура реанимобильде қабылдады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ана мен жаңа туған сәбидің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

4 қазан күні сағат 02:44-те Мойылды ауылынан жедел жәрдем пультіне шұғыл шақыру түсті. 24 жастағы жүкті әйел диспетчерге жиі толғақ басталғанын хабарлаған. Оқиға орнына ең жақын фельдшерлік бригада жіберілді.

Науқасты қарап шыққаннан кейін оны перзентханаға жеткізу туралы шешім қабылданды. Реанимобиль қала аумағына кірген сәтте әйелдің суы кетіп, босану процесі басталды. Медициналық қызметкерлер «103» көлігін тоқтатып, босануды қабылдауға шешім қабылдады. Нәтижесінде салмағы 3 келі, бойы 50 сантиметр ұл бала дүниеге келді. Бригада кіндік бауын кесіп, жылулық тізбегін сақтай отырып, ана мен баланы тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. 

– Босандыру да, басқа кез келген шұғыл көмекті де павлодарлық «103» қызметінің әр медицина қызметкері көрсете алады, - дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Ол үшін біздің станция базасында халықаралық стандарттар бойынша көмек көрсетуге арналған курстар үнемі өткізіледі. Бұл сабақтарды сертификатталған жаттықтырушылар мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары жүргізеді. Бұл курстардан жедел жәрдем қызметінің барлық қызметкерлері - дәрігерлер мен фельдшерлер өтеді.

Жыл басынан бері «103» қызметінің мамандары 14 рет ауруханадан тыс босануға қатысқан. Өткен жылы мұндай жағдайлар 23 рет тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханадан тыс босану әрдайым асқыну қаупімен жүреді. Сондықтан жүктілік кезінде үнемі маманның бақылауында болу және су кеткен немесе толғақ жиілеген жағдайда жедел жәрдем шақыруды кешіктірмеу ұсынылады.