Павлодарлықтар сыбайлас жемқорлық туралы WhatsApp арқылы хабарлай алады

Құқық бұзушылықтар туралы шынайы ақпарат бергені үшін 15 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл қоғамның белсенді қатысуымен және қолдауымен жүзеге асады.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділікті дамыту, сондай-ақ азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық фактілері туралы жедел хабарлау үшін жаңа құралды іске қосты. Біз жаңа Антикор 1424 WhatsApp-чат-ботының жұмысын бастағанын хабарлаймыз. Енді әрбір азамат сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлай алады немесе WhatsApp мессенджері арқылы осы мәселелер бойынша кеңес ала алады. Ол үшін +7 (777) 000-14-24 нөміріне хабарлама жіберу жеткілікті, – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы шынайы ақпарат бергені үшін 15,7 миллион теңгеге дейін сыйақы қарастырылған.
– Біз өтініштердің толық құпиялығына кепілдік береміз. Барлық хабарламалар міндетті түрде қаралады және құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, – делінген хабарламада.
Агенттік, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық туралы жалған хабарлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
WhatsApp-чат-ботынан бөлек, жемқорлық фактілері туралы 1424 нөміріне қоңырау шалу немесе @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы хабарлау мүмкіндігі бар.