Атығай ауылында жаңа мектеп салынып жатыр

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мектеп құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әкім Instagram парақшасында мәлім еткендей, ауыл тұрғындары мектептің жаңартылуы мәселесін бірнеше жыл бойы көтеріп келеді.
– Соңғы жылдары Атығай ауылында халық санының өсуі мен туу көрсеткішінің жоғарылауы байқалады. Қазіргі таңда балалар бұрынғы балабақша ғимаратында білім алуда. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беретін шағын орталықты кеңейту қажеттілігі де туындап отыр. Осыған байланысты, жаңа мектеп құрылысы ауыл тұрғындары үшін өте маңызды әрі көптен күткен жоба болып табылады, – деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, аталған жобаның іске асырылуы облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауы мен демеушілік қаражат есебінен мүмкін болды.
– Мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысымен таныстым. Қазіргі уақытта ғимараттың бірінші қабатының кірпіші қалануда. Басты міндет құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екі қабатты мектеп 120 оқушыға есептелген. Мектепте заманауи құрал-жабдықтары бар оқу кабинеттерімен қатар, спорт зал және балалар ойын алаңы орналасатын абаттандырылған аумақ жоспарланған, – делінген хабарламада.
Аталған жобаның іске асырылуы облыс басшылығының және Аян Бейсекиннің жеке бақылауында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram