Мектеп пен көшелер: Ертіс ауданындағы Панфилов ауылы жаңғыртудан өтеді
Облыс әкімдігі бұл мәселемен келесі жылы айналысатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданында «Ауыл-ел бесігі» жобасы бойынша 2024 жылы бес ауылды дамыту көзделген. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Ертіс ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
– Жоба бойынша қамтылмаған бес ауыл қалып отыр. Оларды келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Панфилов, Қоскөл, Қараағаш, Ленин, Майқоңыр ауылдары жаңғыртылады, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Бірінші кезекте Панфилов ауылында мектептің және мәдениет үйінің күрделі жөндеуі, көшелердің орташа жөндеуі қарастырылатын болады.
Асайын Байханов аудан әкіміне ауылдардағы қажеттілігін ескере отырып, келесі жылға тиісті жобалық сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды.
Оның сөзінше, соңғы жылдары ауданда Ертіс, Ағашорын, Қызылжар, Северное, Голубовка ауылдары кешенді жаңғыртудан өтті. Ал биыл «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы бойынша Амангелді ауылындағы орта мектеп күрделі жөнделуде. Сондай-ақ, ауылда 2,5 км астам кентішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Фото: Валерий Бугаев