«Ақсу» капитанынан айырыла ма
Желіде «Ақсу» футбол клубының капитаны Ғафуржан Сүйімбаевтың командадан кетіп, туған «Ордабасына» барып қосылғаны туралы ақпарат таратылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Я там, где КПЛ» және «Goalkz.kz» секілді танымал Instagram-пабликтерінің мәліметтерінше, «Ақсу» қорғаушысы ескі де жаңа клубына қайта қосылған. Бұл оның павлодарлық клубпен келісім-шартын ұзартқанына қарамастан орын алып отыр.
Ең қызығы, «Ақсудың» Instagram желісіндегі ресми парақшасында Ғафуржан Сүйімбаевпен келісім-шартты ұзартқаны туралы 11 қаңтарда жарияланған посты белгісіз себептермен жоғалды. Клуб әзірше бұл туралы еш тіс жарған жоқ.
32 жасар Ғафуржан Сүйімбаев – Шымкент футболының түлегі. Былтыр барлық турнирлерде ол «Ақсу» үшін 28 матч өткізіп, онда бір гол соғып, екі ассист жасаған. Оған қоса ол 2022 жылы Қазақстан құрамасы сапында үш матч ойнаған.
Маусым қорытындылары бойынша «Ақсу» футбол клубының қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев ҚПЛ ішінде капитан ретінде өткізген матчтар саны бойынша үздіктер қатарынан орын алды. Павлодарлықтардың сол жақ латералі командаластарын 24 мәрте жасыл алаңға шығарды.
Күні бүгінге дейін команда құрамы жартылай қорғаушылар Рамазан Оразов, Дінмұхамед Қараман, шабуылшы Луис Гедеш, қорғаушы Елдос Ахметовпен толыққаны, Тони Сильва мен Фэйт Обилор келісім-шартты ұзартқаны туралы ресми мәлімет бар. Марсель Исламқұлов, Лазар Зличич, Михаил Бакаев, Еркебұлан Тұңғышбаев, Асланбек Кәкімов пен Марлен Айманов керісінше, клубтан ұзады.
Бүгін команда Түркияда екінші жолдастық кездесу өткізбек. Қарсыласы – черногориялық «Сутьеска». Алғашқысында павлодарлықтар болгариялық «ЦСКА 1948» командасына 1:4 есебімен ұтылды.
Айбек Жұматов
Фото: ашық дереккөздерден