Павлодарлық полицей әлем чемпионатында алтын иеленді

Павлодарлық полицей әлем чемпионатында алтын иеленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Одан бөлек ол екі рекорд орнатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қарағанды қаласында пауэрлифтингтің ұлттық ассоциациясы ұйымдастырған күштік спорт түрлері бойынша «Altyn batyr» ашық әлем чемпионаты өтті.

– Жарысқа тоғыз елден спортшылар қатысты. Ең мықтылар сынға түскен додаға Павлодар облысының полицейі Әсел Абдраманова да қатысып, үздіктер қатарынан көрінді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өзінің жас санатында тәртіп сақшысы үш номинация бойынша – трэп-грифпен станоктық тарту, классикалық Hip Thrust және штанганы бицепске классикалық көтеру сайыстарында қарсыластарынан басым түсіп, үш алтын медаль жеңіп алды.

– Спорт тәртіп сақшыларының қызметінде маңызды рөл атқарады. Дене дайындығы бізге тәртіпке үйретіп, рухани күш береді. Жеңіске жету үшін ең бастысы – тұрақты жаттығу, табандылық және мақсатқа жетуге деген құлшыныс қажет. Қазір спортсыз өмірімді елестете алмаймын, – деді Әсел Абдраманова.

Сонымен қатар, спортшы штанганы бицепске классикалық көтеру және трэп-грифпен станоктық тарту жаттығуларында Қазақстанның екі рекордын орнатты.

Фотосуретті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды