Павлодар облысында сайлаушылардың 55 пайыздан астамы таңдау жасап үлгерді

Павлодар облысында сайлаушылардың 55 пайыздан астамы таңдау жасап үлгерді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауында Павлодар облысы сайлаушылардың белсенділігі бойынша өңірлер арасында орта тұста орналасқан. 29 қараша күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша облыста дауыс беруге құқығы бар 503 мыңнан астам тұрғынның 55,89 пайызы өз таңдауын жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, республика бойынша сайлаушылардың 53,86 пайызы дауыс берген. Осылайша, Павлодар облысындағы көрсеткіш ел бойынша орташа деңгейден 2,03 пайыздық тармаққа жоғары.

Өңірлер арасында ең жоғары белсенділік Түркістан облысында тіркелді. Онда сайлаушылардың 69,84 пайызы дауыс берген. Одан кейін Жетісу облысы (68,03%), Қызылорда облысы (67,36%) және Ақтөбе облысы (66,19%) тұр.

Ал Павлодар облысының көрсеткіші Абай (63,02%), Шығыс Қазақстан (61,47%), Солтүстік Қазақстан (56,58%), Жамбыл (56,31%), Алматы (56,25%) және Маңғыстау (56,17%) облыстарынан төмен.

Сайлаушылардың белсенділігі ең төмен өңірлер қатарында Алматы қаласы (33,73%), Астана қаласы (39,91%) және Шымкент қаласы (40,23%) бар. Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 51,53 пайызды құрады.

Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.