Ақтоғай ауданының Жоламан ауылында ауызсу мәселесі шешімін табады
Тұрғындары ащы су ішіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Былтыр Жоламан ауылында жаңа су құбырының салынуы басталды. Жоба аяқталуға жақын. Құбырлардың жалпы ұзындығы төрт шақырымды құрайды. Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданына келіп, Жоламан ауылына да барды.
– Бұл жерде су ащы. Таза ауызсуға 38 үйден 28 үй қосылды. Су қоймасы 50 шаршы метрді, ал ұңғыманың тереңдігі 26 метрді құрайды. Құбырлардың барлығын тазартып, опрессовка жасап, талдаудан өткіземіз. Жұмыстарды 15 қазанға дейін аяқтаймыз,– деді аудан әкімі Қаршыға Арынов.
Кейін облыс әкімі тұрғындарымен сөйлесіп, ауылда қандай қиын сұрақ бар екенін сұрады. Су және жол мәселесінен бөлек, тұрғындарды мектептің жоқтығы алаңдатады.
– Мектеп болмағаннан кейін халық кетіп жатыр. Осында ешкім келмейді,– деді ауыл тұрғыны.
Жоламан ауылында 2019 жылы жалғыз тұрған Ақбидай бастауыш мектебі жабылды. Оған оқушылардың аздығы себепші болды. 2018-2019 оқу жылында мектепте алты бала оқыды. Мектеп ғимаратында асхана, акт залы, спорт залы жоқ болған. Сондықтан мектепті шағын орталыққа ауыстырды. Қазіргі уақытта шағын орталыққа 12 бала барып жүр. Ал қалған оқушыларды ауылға былтыр берілген автобуспен аудан орталығына тасымалдайды.
– Ауылдың көркін сақтау керексіздер. Мектепті 2019 жылы сіздерде жауып тастады, өйткені бала саны аз болды. Ол үшін кісілер көшіп, жаңа үй салу керек, мал өсіру қажет. Адамдарыңыздың отыз пайызы зейнеткер немесе зейнет жасына жақындағандар. Біз сіздерге қаражат бөлейік бұған менің қарсылығым жоқ. Балалардың саны алпыстан асса, мектеп саламыз немесе мектеп ашамыз. Балалардың саны алпыстан төмен болса, мектеп аша алмаймыз,– деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыс әкімінің сөзінше, өңірде 354 мектеп бар, оның ішінде 212-сі шағын жинақталған мектеп.
– Кейбір мектептерде мұғалім саны оқушы санынан көп. Енді олар жабылайын деп жатқан мектептер. Мысалы, 8-9 бала оқып жатыр, ал 18 мұғалім жұмыс істейді. Екі мұғалімге бір оқушы,– деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы Жоламан ауылының тұрғындарына ауызсу мәселесі биыл міндетті түрде шешімін табатынын айтты. Бұдан бөлек аудан әкімдігі кіреберіс жолдың жобасымен айналысады. Сараптамадан өткеннен кейін жолға қаражат облыстық бюджеттен қарастырылады.