Павлодарда егде жастағы адамдар қаржылық сауаттылығын арттыра алады

Павлодарда егде жастағы адамдар қаржылық сауаттылығын арттыра алады
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Торайғыров университетінде 1 маусымнан бастап егде жастағы адамдарға арналған курстар басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында «Күміс ToU» жобасы бойынша қаржылық сауаттылық, домбырада ойнау негіздері, сондай-ақ, «Жасанды интеллект: жылдам бастау» секілді курстар өткізілуде.

– Біз «Өмір жалғасады» деген тіркесті жиі естиміз. Бірақ өмір тек қызықты болғанда, адам күн сайын жаңа нәрсені біліп, жаңа дағдыға ие болғанда ғана жалғасады, – дейді курс тыңдаушысы Раиса Мұстафина.

Оның айтуынша, «Күміс ToU» бағдарламасының нәтижесінде университеттің егде жастағы адамдары жасанды интеллектпен танысып, қаржылық сауаттылық туралы білуде. 

Күміс университеттерінің негізгі мақсаты — егде жастағы тыңдаушылардың өзін-өзі жетілдіруіне, шығармашылық әлеуетін дамытуына, кәсіби дағдылар мен құзыреттерді меңгеруіне, құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруына, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау.

Сонымен қатар, ToU Павлодар қаласының «Белсенді ұзақ өмір» орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.