Павлодарлық оқушылар әлеуметтік көшбасшы атануда алғашқы қадамын жасады
Жастар бастамаларын дамыту орталығында Beginit Central Asia by inDrive халықаралық жобасының іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бағдарлама Қазақстанда әлеуметтік көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеп, талантты балаларды қолдауға бағытталған. Beginit жобасы қатысушыларға оқу жылы барысында әлеуметтік көшбасшы дағдыларын үйретіп, туған өлкелерінің мәселелерін шешуді көздейтін бастамаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді.
Айта кетсек, биылғы маусымда әлеуметтік білім беру бағдарламасы Қазақстанның 10 облысын қамтиды. Бағдарлама 10-сынып оқушыларының көшбасшылық қабілеттерін дамытып, идеяларын нақты жобаларға айналдыруға ықпал етіп, жаңа көкжиектер ашады.
Іс-шараға Павлодар облысының түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық оқушы, олардың ата-аналары мен мұғалімдері, өткен маусымның қатысушылары мен жүлдегерлері қатысты.
– Мақсатымыз – өңірлерінде оң өзгерістер жасауға қабілеті бар жасөспірімдерді анықтау және оларға демеу көрсету. Біз жасөспірімдердің идеяларын жүзеге асырып, жан-жағындағы әлемді жақсартуына үлес қосуға жол саламыз, – деді жоба үйлестірушісі Самат Саяқов.
Іріктеу барысында оқушылар өздерінің лидерлік әлеуетін анықтауға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындап, әлеуметтік көшбасшының рөлі мен осы дағдыны дамытудың маңызын білді. Әлеуметтік жобаға арқау болатын идеяларды талқылап, өзекті мәселелерді шешу жолдары жайлы көзқарастарын ортаға салды. Сонымен қатар қатысушылар арнайы тест тапсырмаларын орындады. Оның қорытындысы бойынша, үздіктер келесі кезеңге жолдама алады.
Іріктеуден сүрінбей өткен оқушылар әлеуметтік көшбасшы қағидаларын игеріп, қоғам өміріне белсенді араласудың мән-маңызын түсіндіретін білім беру модуліне көшеді. Мұнда қатысушылар өз қалалары мен ауылдарындағы өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынады. Сондай-ақ осы жобаның бас серіктесі – Astana Hub-тың өңірлік өкілдіктерінің инновациялық орталықтарында тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады.
Beginit Central Asia by inDrive әлеуметтік білім беру бағдарламасы мектеп оқушыларына жас әлеуметтік көшбасшылар қауымдастығының бір бөлігі болып, жеке бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның үздік финалистері inVision U университетінің Foundation Year бағдарламасына шақырылып, шетелде оқыту қарастырылған сапар гранттарын, ҰБТ-ға дайындық курстары мен ноутбуктерді ұтып ала алады.