Павлодар облысының педагогтері білімдерін қалай және қайда шыңдайды?
Облыс бойынша биыл үш мыңнан астам педагог біліктіліктерін арттырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты» орта және мектепке дейінгі білім беру педагогтері үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізеді. Қазіргі уақытта курстарда 250-ден астам педагог оқып жатыр.
– Біз 41 білім беру бағдарламасын жүзеге асырдық, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында филиал директоры Роза Әшімбетова. – Биыл облыс бойынша 3139 педагогті оқыту жоспарланған. Заман талабынан қалмау үшін біз мектеп педагогтарын оқытанын тәлімгерлерді әрдайым оқуға жіберіп тұрамыз. Атап айтқанда, олар еліміздің үздік университеттерінде – Астана, Алматы қалаларында, Ресей мемлекетінде және алыс шетелдерде білімін шыңдайды. Кейін біздің орталықта білім бағдарламасын әзірлейді.
Бүгінгі күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының профессорлық құрамы 11 педагогтан ғана тұрады. Яғни, жоғары оқу орындарының аға оқытушылары немесе профессорлары дәріс беріп келген болса, қазіргі таңда жалпы орта білім беру мектептерінің пән мұғалімдерін тартып отыр. Сондықтан «шебер» немесе «зерттеуші» санаты бар тәжірибелі педагогтар лектор ретінде шақырылуда.
Олардың бірі – Павлодар қаласының №35 жалпы орта білім беру мектебінің информатика пәні мұғалімі Айбек Камиль.
– «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыруда орасан зор рөл атқаруда, – дейді Айбек Камиль. – Сөзіме дәлел ретінде көптеген байқаулар мен біліктілікті арттыру курстарын айта кетуге болады. Президентіміздің цифрландыру тапсырмасы бойынша, яғни жаппай жалпы орта білім беру мектептері және де шағын жинақталған мектептер арасында пәндерді оқытуда цифрлық ресурстарды қолдану тақырыбында курстар ұйымдастырылды.
Ол 2023 жылға дейін осы курстардың негізгі тыңдаушысы ретінде қатысып, былтырдан бастап лектор ретінде шақырту алған. Бұл курс мұғалімдері және де жалпы орта білім беру мектептерінде пән мұғалімі ретінде сабақ беріп жүрген ұстаздар үшін өте үлкен тәжірибе болған.
Информатика пәнінің мұғалімі жалпы осы курстардың үш легін өткізген. Бұл – шамамен 100-ге жуық педагог. Оның айтуынша, сол ортаның маманы болғандықтан, бұл салада қандай өзекті мәселелер бар екенін нақты біледі және сол мәселелер бойынша жұмыс атқарылады.
– Осы тұрғыда мұғалімдермен бірге еркін форматта, олардың ойларын білуге, қандай мәселелері бар екенін анықтап, шешуге тырыстық, – дейді спикер. – Курстар аяқталса да барлық мұғалімдермен әлі күнге дейін қарам-қатынаста, ақпарат алмасу үстіндеміз.
Айта кетерлігі, 2023-2024 жылдары облыс бойынша 11 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сондай-ақ, педагогикалық шеберлікті мақсатты дамыту және олардың тәжірибесімен бөлісу үшін «Педшеберлік», «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Менің Қазақстаным» атты кәсіби байқаулар өткізіледі.