Аққулыда картоп пен бақша дақылдары ауыл шаруашылығындағы басты жетістікке айналды

Аққулыда картоп пен бақша дақылдары ауыл шаруашылығындағы басты жетістікке айналды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауданда аталмыш салада тұрақты өсім байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, әсіресе картоп пен бақша дақылдарының өнімділігі жоғары деңгейге жетіп, негізгі жетістікке айналған. 

–  Картоп өнімділігі гектарына 300 центнерге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 102,3 пайыз артса, бақша дақылдарының өнімділігі гектарына 426,8 центнер болып, 131,2 пайызға өсім көрсетті. Майлы дақылдар да тоғыз центнер өнім беріп, 108,4 пайыз өсімге қол жеткізілді. Бұл нәтижелер қолайлы ауа райы жағдайлары мен заманауи агротехникалық тәсілдерді қолданудың арқасында қамтамасыз етілді, – дейді Руслан Мұқанов. 

Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер бар. Ірі қара мал саны – 40,1 мың бас, жылқы – 19,2 мың, қой мен ешкі – 38,5 мың, құс – 6,7 мың басқа жетті. Өндірілген өнім көлемі: ет – 4,7 мың тоннадан астам, сүт – 10,4 мың тоннадан астам, жұмыртқа – 263 мың дана.

– Ауыл шаруашылығы өнімін арттыру, жұмыс орындарын құру және инвестиция тарту мақсатында бірнеше жобалар іске асырылмақ. Соның бірі Бесқарағай ауылындағы «Дәнекер» шаруа қожалығының 630 гектар алқабында суару жүйесін жаңарту жобасы. Бұл картоп пен жоңышқа егісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі 2026-2028 жылдарға жоспарланған, – деді аудан әкімі. 

Бұдан бөлек, «Сабырхан» ШҚ – 5 000 басқа арналған бордақылау алаңын, «Бесқарағай-Агросоюз» ЖШС – 1 000 басқа арналған ұсақ мал бордақылау алаңын салу жобаларын әзірлеу сатысында. 

Аудан кәсіпкерлерін қолдау да басты басымдық болып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 10 несие беріліп, жалпы сомасы 150 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражат мал мен жабдық сатып алу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өткізу, сонымен қатар сауда және қызмет көрсету нысандарын ашуға арналған.

Сонымен қатар, 250 миллион теңгеден астам сомаға 26 ауыл шаруашылығы техникасы лизингке алынған. Бұл шаруалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.