Павлодарда жол жөндеу маусымы аяқталды
 
                                    Бұл туралы қала әкімі өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен қала көшелерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
– Орташа жөндеу аясында жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын 15 магистральдық көше жаңартылды. Атап айтқанда, Шевченко, Сұрағанов, Назарбаев, М. Жүсіп, Павлов, Олжабай батыр, Геринг, Қамзин, Елгин, Аймауытов, Ермаков, Гагарин, Абай, Малайсары батыр көшелері жаңғыртылды. Алғаш рет берік әрі ұзақ мерзімді, ауыр жүктемелер мен температура ауытқуларына төзімді қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қолданылды, – деп жазды Хасар Хабылбеков әлеуметтік желіде.
Сонымен қатар, маусым барысында тоғыз шақырымнан астам топырақ жолдарға асфальт төселді. Қала аумағын абаттандыру бойынша да елеулі жұмыстар атқарылды: 100 аула, 13 мектеп пен бес медициналық ұйымның аумағы абаттандырылды. Жаяу жүргіншілер үшін 20 шақырым жаңа тротуар салынды.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
 
    
 
    
 
         
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
