Байланыс тарифі өссе, операторларға қойылатын талап күшейеді
Қазақстанда мобильді байланыс тарифтері қымбаттап, операторлардың инфрақұрылымға салатын инвестициясы азайса, олардың тариф саясатына қатысты талап күшейтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бағаның негізсіз өсу белгілері байқалған жағдайда мемлекеттік органдар жағдайға араласуы тиіс. Ал телекоммуникация саласындағы уәкілетті орган монополияға қарсы ведомствоға қажетті ақпарат пен талдамалық деректерді ұсынады.
Жаслан Мәдиев министрлік үш мобильді оператордың қаржылық есептілігін талдағанын айтты. Нәтижесінде олардың рентабельділік және күрделі шығындардың табысқа қатынасы көрсеткіштері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері мен Еуропадағы деңгеймен салыстырғанда қалыпты шекте екені анықталған.
Соңғы екі жылда мобильді операторлар телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 800 миллиард теңгеге жуық инвестиция салған. Министрдің сөзінше, компаниялардың желіні одан әрі дамытуға қаражаты қалуы үшін бұл көрсеткіштер арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.
– Егер бұл көрсеткіштер төмендеп, сонымен қатар бағалар өсетін болса, онда операторларға қатысты үлкен сұрақ туындайды. Мұндай жағдайда мобильді операторлармен диалогты әлдеқайда мұқият әрі қатаң жүргіземіз, – деді Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ министр автомобиль жолдарының бойында мобильді байланысты дамыту жоспары туралы айтты. Жобаны келесі жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген. Ол үшін антенна-діңгек құрылыстары орнатылып, базалық станцияларға электр желісі тартылады.
Мобильді операторлар нысандарды орналастыру мәселесін «Транстелеком» компаниясымен келісуі керек. Бұдан бөлек, тасжолдардағы байланыс аясын кеңейту үшін базалық станцияларды бірлесіп пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
