Екібастұзда «Шахтер» саябағының бір бөлігі уақытша жабылады
Құрылысқа қарамастан саябақтың бір бөлігі өз жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ауқымды қайта жаңарту жұмыстары басталған «Шахтер» саябағына барды.
– Қазіргі уақытта мердігер ұйым амфитеатр, субұрқақ, асфальт жабыны мен тас төсемді бөлшектеу жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылға жасанды су айдыны, бақылау алаңы бойынша жер жұмыстары, сахнаны монтаждау және төсем тасты салу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, суару, кәріз және су құбыры желілерін орнату жұмыстары орындалады,– деп жазды шаһар басшысы өзінің Instagram парақшасында.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін саябақтың бір бөлігін жөндеу жұмыстарына жабылып, екінші бөлігі бос уақытты өткізу үшін ашық қалдырылды. Қайта жаңарту жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Аян Бейсекин балалар шығармашылығы орталығының құрылысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын да тексеріп шықты.
– Бірінші қабатты әрлеу және сылау 80%-ға аяқталды. Екі қабатта да ішкі электрмен жабдықтау 100%-ға тартылған. Терезелерді орнату жұмыстары аяқталуда, – деп жазды ол.
Сондай-ақ, инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, су және кәріз желілері 100%-ға, жылу желілері 30%-ға орнатылды. Барлық желілер салынғаннан кейін аумақты абаттандыру жұмыстары басталады.
Жалпы айтқанда, жұмыстар құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесіне сәйкес жүргізілуде. Қала әкімі балалар шығармашылығы орталығындағы жұмысты 1 қыркүйекке дейін аяқтау үшін мердігер ұйымға нысандағы жұмысшылар санын көбейтуді тапсырды.