Елімізде жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау өсті
2023 жылы ҚТЖ желісіндегі тиеу 257,3 млн тоннаны құрады, бұл –өткен жылмен салыстырғанда 5 млн тоннаға артық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, экспорт 2022 жылғы көрсеткішке қарағанда 9% өсіп, 85,8 млн тоннаны құрады.
Жыл қорытындысы бойынша республика көлемінде тас көмір тиеу 2022 жылғы деңгейде қалып, 74 млн тоннаны құраса, экспортқа 31,7 млн тоннасы жөнелтілді. Астық тасымалдау көлемі 2022 жылғы деңгейге қарағанда 12,2%, яғни 11,2 млн тоннаға дейін өсті, оның ішінде экспортқа 9 млн тонна тиелсе, өсім 12,7% құрады. Ұнтақ өнімдерін тасымалдау 3 млн тоннадан асты, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді.
Темір жолдағы тиелген жүктер:
• мұнай жүктері – 18,8 млн тонна (2022 жылғы деңгейге +2%, экспорт +6%);
• темір және марганец кендері – 20,8 млн тонна (2022 жылғы деңгейге+10%, экспорт +39%);
• химиялық тыңайтқыштар – 4 млн тонна (2022 жылғы деңгейге+2,3%, экспортқа +23%);
• түсті кен және күкірт шикізаты - 22,5 млн тонна (2022 жылғы деңгейге +2%, экспорт +11%);
- құрылыс жүктері – 17 млн тонна (2022 жылғы деңгейге +8,2%, ел ішінде +9%).
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу үшін елдің батыс өңірлеріне 3,2 млн тонна қиыршық тас жеткізілді, бұл – 2022 жылмен салыстырғанда бір млн тоннадан астамға артық.
2023 жылы пайдалану жүк айналымы 2022 жылғы деңгейге қарағанда 7,5% өсіп, 270 млрд тарифтік тонна-км құрады.