Ақсуда «Ақсу толқыны» жазғы жобасының маусымы аяқталды

Ақсуда «Ақсу толқыны» жазғы жобасының маусымы аяқталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл шығармашылық жоба қаланың 65 жылдығына арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тамыз айының соңында Ақсу қаласының жағалауында «Ақсу толқыны» жазғы жобасының жабылу салтанаты өтіп, белсенді қатысушылар марапатталды.

Биыл жоба аясындағы барлық шығармашылық бағдарламалар Ақсу қаласының 65 жылдығына арналды. Қалалық тарихи-өлкетану музейі жағалауда ашық аспан астындағы экспозиция ұйымдастырды.

«Ақсу: кеше, бүгін» фотокөрмесіне музей қорындағы қаланың тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін көрсететін суреттер қойылды. Сондай-ақ тұрғындар сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарын тамашалады. Көрмеде құрақтан және моншақтан жасалған ұлттық бұйымдар, тоқылған ойыншықтар мен зімбірлі тәттілер ұсынылды. Келушілер ұнаған бұйымдарын сатып ала алды.

Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет сарайының әртістері мен Ақсудың шығармашылық ұжымдары маусымның қорытынды концерттік бағдарламасын ұсынды.

– Осындай тамаша шығармашылық бастама жалғасын тауып, ақсулықтарды алдағы уақытта да қуанта беретініне сенімдімін, – деді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ризагүл Негманова.

Іс-шара барысында «Ақсу толқыны» жобасына белсенді қатысқан ұжымдар мен олардың жетекшілері марапатталды. Олардың қатарында қалалық мәдениет сарайы, Балалар шығармашылығы үйі, Ақсу балалар өнер мектебі, Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Жастар бастамаларын дамыту орталығы, шығармашылық орталықтар мен студиялар және ауылдық мәдени-демалыс орталықтары бар.

«Ақсу толқыны» жобасы қалада жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биылғы жазғы маусым DJ Pumba өткізген жастар дискотекасымен қорытындыланды.