Ертіс ауданында IV облыстық «Шоқан оқулары» өтті

Ертіс ауданында IV облыстық «Шоқан оқулары» өтті
Фото ұйымдастырушылардың рұқсатымен

Іс-шара жастарды Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығымен таныстыруға және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры Нығмет Жүсіпов мәлім еткендей, биыл «Шоқан оқуларына» 70-ке жуық адам қатысты. Ертіс, Успен, Ақтоғай, Железин, Тереңкөл аудандарынан ұстаздар мен оқушылар оффлайн түрде қатысса, Абай, Қызылорда, Омбы өңірінің шекаралық ұлттық компонентті мектептердің ұжымы онлайн форматта қатысты. Биыл оқулар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен интеграцияланды.

Оқуларда қатысушылар «Жас дарын...» және «Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп...» бағыттары бойынша ғалымға арнау оқып, қазылар алқасы берген қосымша тапсырманы орындап, ғалымның еңбектері мен қызметі бойынша шығармашылық зерттеу жұмыстарын қорғады.

«Шоқан және көркем өнер» бағыты бойынша оқушылар ғалымның салған суреттері, өмірбаяны жайында сурет салды. Бұл аталымға ерекше қажеттіліктері бар балалар да қатысып, жеке бағаланды.

Сонымен қатар, байқауда оқушылар көпшілікке актерлік қабілеттерін де паш етті. Олар «Сахналық көрініс» бағыты бойынша «Аққан жұлдыз» шығармасы арқылы Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын сахналық көрініс ретінде көрсетті.

– Бұл сахналық көрініс ғалымның тұлғалық қырларын ашып, оның қазақ мәдениеті мен ғылымына қосқан үлесін көрерменге терең жеткізуге мүмкіндік берді. Оқушылар Сырымбеттегі Шоқанның үйі, ата-анасының тәрбиесі, әжесі Айғанымның ықпалын шеберлікпен жеткізе алды, – дейді ұйымдастырушылар.

Оқушылардан бөлек оқуларда тарих пен география пәндерінің мұғалімдері де сайысты. «Шоқан ізімен...» бағытында олар Шоқанның өміріндегі маңызды оқиғалар, еңбектері, зерттеу жұмыстары, өмірбаяны, қоғамдық қызметі, достық пән әдебиетке, тарихқа қызығушылығы, қазақ халқының жағдайын жақсартуға тырысуы туралы өз білімдерін тексерді.

Одан бөлек, мұғалімдер қауымы «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» аталымына қатысты. Эсседе Шоқанның ұлттық мұраны құрметтеуі мен әлемдік өркениетке ашықтығы арқылы қазіргі мұғалімге үлгі болатын қасиеттер талқыланды. Эссе тақырыптарына «Шоқан Уәлихановтың көпқырлығы – қазіргі мұғалімнің кәсіби дамуының кілті», «Білімге және ізденіске ұмтылу: Шоқан Уәлиханов және бүгінгі мұғалімнің миссиясы», «Шоқанның жаңашылдығы және қазіргі заман мұғалімінің креативті ойлауы» кірді.

Әр аталым бойынша қатысушылар 1, 2, 3-дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шоқан Уәлихановтың өмір жолы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының нақты үлгісі. Ол өз заманының мәдени, рухани және білім беру мәселелерін зерттей отырып, тәрбиенің жан-жақты болуы қажеттілігін дәлелдеді. Шоқанның өмірі мен еңбектері бүгінгі күні де ұрпақ тәрбиесінде қолдануға лайықты құндылықтар мен әдістерді ұсынады.