Павлодар облысының қанша тұрғыны үшін мемлекет МӘМС жарнасын төлейді?
Әлеуметтік осал топқа жататын, табыссыз қалған адамдарға жыл сайын көмек көрсетілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КАҚ-ның облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Әсел Оқапованың айтуынша, әлеуметтік тұрғыда осал және табыссыз топтарға жататын азаматтар үшін жарналарды мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар өз есебінен төлейді.
– Атап айтқанда, «D» және «E» санатындағы азаматтар – яғни дағдарыс жағдайында қалған, табыссыз немесе жұмыссыз адамдар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Облыста мұндай 31 мыңнан астам адам бар, – деді қор өкілі.
Сонымен қатар, Әсел Оқапова өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың сақтандыру жүйесіне қосылу тәртібін де түсіндірді.
– Егер адам жұмыс істемесе, бірақ сақтандыру жүйесіне қатысқысы келсе, ол ай сайын 4250 теңге көлемінде жарна төлей алады. Егер 12 ай бойы үздіксіз төлем жасаса, толыққанды сақтандырылған мәртебесін алады және барлық медициналық қызметтерді тегін пайдалана алады. Төлемдерді банк қосымшалары арқылы оңай төлеуге мүмкіндік бар, ал статус өзгерісі үш күн ішінде еgov порталы арқылы көрінеді, – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бүгінде Павлодар облысында 641 мыңнан астам тұрғын медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған, бұл өңір халқының шамамен 85 пайызына тең.