Павлодардың іргелі оқу орны 65 жылдық мерейтойын атап өтті

Павлодардың іргелі оқу орны 65 жылдық мерейтойын атап өтті
Фото: Константин Шелков

Салтанатты шарада университет тарихы мен жаңа бағдары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің 65 жылдық мерейтойы тойланды. Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов, білім ордасының ардагерлері, түлектер мен оқытушылар қатысты.

Мерекелік жиын алдында аймақ басшысына студенттер мен профессорлардың ғылыми жобалары таныстырылды. Кейін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, үздік ұстаздар мен ғалымдар марапатталды.

– Баршаңызды еліміздің іргелі оқу орны Торайғыров университетінің 65 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды ел дамуының стратегиялық негізі ретінде айқындады. Осы бағытта университет өңіріміздің өркендеуіне зор үлес қосуда. Сондықтан білім ордасының ұжымына қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.

Ол өз сөзінде университеттің өңірдің интеллектуалды және кадрлық орталығына айналғанын ерекше атап өтті. Осы жылдар ішінде ондаған мың жоғары білікті маман дайындалып, олардың 93 пайызы еліміздің және шет елдердің түрлі салаларында еңбек етуде.

Асайын Байханов сондай-ақ университеттің халықаралық аренада да беделі артып келе жатқанына тоқталды. Қазіргі таңда білім ордасында бес жүзден астам шетелдік студент оқиды. Оның сөзінше, академиялық туризмді дамытып, шетелдік студенттер мен ғалымдарды тарту бағытын күшейту қажет.

Салтанатты жиында облыс әкімі университет ректоры Нұрлан Медетовке оқу ордасының материалдық базасын нығайту үшін 10 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табыстады. Бұл қаржы жасанды интеллект зертханасын жабдықтауға арналған iMac моноблоктарын сатып алуға жұмсалады.

Көп жылғы еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «Биология және экология» кафедрасының профессоры Қанат Ахметов және  Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Сәуле Кісембаева марапатталды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен университеттің оқытушылары мен қызметкерлері марапатталды.

Білім ордасының түлегі Сергей Починок өзінің оқу жылдарын еске алды.

–  Университетте 2002-2007 жылдары оқыдым, инженер-жылу энергетик біліктілігін алдым. Бұл менің өмірімдегі маңызды кезең. Бос кезімде «Жайдарман» ойнайтынмын. Оқу орнымның жетістіктері мен үшін үлкен мақтаныш, – деді ол.

Айта кетейік, Торайғыров университетінің тарихы 1960 жылы алғашқы 400 студент қабылдаудан басталған. 1996 жылы жоғары оқу орнына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі беріліп, индустриялық және педагогикалық институттардың бірігуімен жаңа кезең басталды.

Бүгінде университетте 33 ғылым докторы, 181 ғылым кандидаты және 121 PhD докторы еңбек етеді. Оқу орны кәсіби білім, тәжірибе мен дәстүрді ұштастырып, елдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде дамуын жалғастыруда.

Фото: Әлібек Дженалинов