Әлемнің жарқын түстері: Павлодарлық кішкентай суретші көрермендерді тәнті етті
Экологиялық бағыттағы № 36 жалпы орта білім беру бейіндік мектебінде жас суретші, 4-сынып оқушысы Дария Шайхинаның «Әлем баланың көзімен» атты жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас өреннің жұмысы балалық шақтың, табиғаттың, ертегі жануарлары мен кейіпкерлерінің айналасындағы әлемнің сұлулығын көрсетті. Көрмеге 30-дан астам жұмыс ұсынылды. Оқушылар, ата-аналар, мектеп мұғалімдері әлемге жас суретшінің көзімен қарап, оның жұмыстарына таң қалды.
Дария «Қарындаш» сурет студиясында Екатерина Юрьеваның жетекшілігімен бес жылдан астам уақыт бойы айналысады. Осы кезеңде сурет өнерінде үлкен тәжірибе мен білім алды. Көркем еңбек бойынша мектеп пәндік олимпиадаларының жеңімпазы. Кенепте және графикада қарындашпен сурет салу бойынша сертификаттармен марапатталған. Студия оқушылары арасында «Кірпілер» және «Интерьердегі мысықтар» көркемсурет байқауларының бірінші орын иегері.
– Мен әлемнің жарқын және әдемі түстерін байқап, пейзаждар мен жануарларды салғанды жақсы көремін. Сүйікті суретім – «Тауыс». Маған түс үйлесімі мен жұмысты орындау стилі ұнайды, – дейді Дария.
Ол әрқашан өз мақсатына жету үшін талантты дамыту керек деп санайды.
Студияда оқу кезеңінде әртүрлі кескіндеме материалдарын қолдана отырып, түрлі стильде жүзден астам сурет салған. Жұмыстар қағазда, ағашта, кенепте гуашь, акварель, акрил бояуы, борлармен, қарындаштармен, фломастерлермен орындалды. Оның ең жақсы көретіні – акрил бояуымен кенепте пейзаждарды салу, бұл ретте суреттер жарқын және қанық болып шығады.
Болашақта Дария оқуды жалғастыруды, сурет салу өнеріндегі шеберлігі мен дағдыларын шыңдауды, айналасындағыларды, туыстары мен жақындарын өз жұмыстарымен қуантуды жоспарлап отыр. Бұл – оның шығармашылық жұмыстарының алғашқы көрмесі.