Курстан өткен қасапшылар, онлайн тапсырыс беру: Павлодарда Құрбан айт қалай өтеді?
Айт намазы 28 маусым күні сағат 07:00-де оқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз жиынында Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб-имамы Қанат Қабаев айтып берді.
Айт намазынан кейін құрбандық шалуға болады. Құрбандықты 30 маусым күні ақшам намазына дейін, яғни, күн батқанға аз уақыт қалғанға дейін шалуға болады.
– Павлодар қаласында құрбан шалатын арнайы орын ретінде «Құлагер» ипподромы таңдалды. Ол жерде мешіт тарапынан арнайы курстан өткен 20-ға жуық қасапшы болады. Сондай-ақ тұрғындар келіп өздері де құрбандыққа шалынатын малын союына мүмкіншілік бар, – деді Қанат Қабаев.
Наиб-имамның айтуынша, құрбан шалуға онлайн тапсырыс беруге де болады. Ол үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Qurban2023.kz сайты ашылған.
– Қазірден бастап тапсырыс беріп жатқандар бар. Мешіт қызметкерлері тапсырыс түскен телефон нөмірлері бойынша кері байланысқа шығып, сойылған мал бойынша барлық есепті береді. Фотоларын да жібереді, – деді Қанат Қабаев.
Наиб-имам құрбан шалғанда ең бірінші ниет түзу болуы керек екенін атап өтті. Құрбандық «Алланың ризалығы үшін» деп шалынуы керек. Малды «Бисмиллаһи» деп союы тиіс.
– Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малдарын шалуға болады. Қой кем дегенде 1 жасқа толуы керек. Біздің «Әбу Ханифа» мазхабымызда қойдың жасы ол 6 айлық қой болсын денесі ірі болса шала беруге болады. Ал, ешкі 1 жасқа толуы тиіс. Сиыр 2 жасар, түйе 5 жасар болуы тиіс. Қой мен ешкіні бір адам шалады. Ірі қара мен түйені бірнеше адам бірігіп шалуға болады, – деді Қанат Қабаев.
Одан бөлек, 28 маусым күні сағат 14:00-де қалалық саябақта мерекелік шаралар басталады. Спорттық ойындар, викториналық сұрақ-жауаптар өткізіледі. Қаладағы 7 мешіт бірігіп, 20 қазан палау таратады.
Сонымен қатар, Құрбан айт кезінде аз адам тұратын ауылдық жерлерде кейде мұқтаж отбасылар болмайтын, сойылған малдың етін кімге берерін білмей қалып жататын жағдайлар орын алады. Наиб-имам мұндайда не істеуге болатыны айтты.
Қанат Қабаевтың айтуынша, Алланың елшісі Пайғамбарымыз с.ғ.с құрбанға шалынған малдың етін үш бөлікке бөлген. Бірінші бөлігін өз отбасына қалдырған. Екінші бөлігін көршілеріне, үшінші бөлігін садақа ретінде кедей адамдарға таратып берген. Бұндайда көрші ауылдардағы, басқа жерлердегі мұқтаж отбасыларға апарып беруге болады. Алайда, егер отбасы өте үлкен болса, бала-шағасы көп болса, етті түгелдей өзіне қалдыруға болады немесе жағдайы бар болса, малдың етін түгелдей Алла ризалығы үшін мұқтаж адамдарға таратуға болады.
Фото: ӨКҚ