Павлодар облысында соңғы үш жылда қатты қалдықтардың көлемі 21 мың тоннаға азайтылды
Өңірде экология бойынша үш бағытта жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғындармен онлайн тілдесіп, тікелей эфирде сұрақтарға жауап берді.
Жалпы мемлекетімізде 2, 1 миллион тонна қатты қалдықтар ауаға шығатын болса, оның үштен бір бөлігі Павлодар облысына тиесілі. Асайын Байханов соңғы үш жылда бұл қалдықтардың көлемі 21 мың тоннаға азайтылғанын атап өтті.
– Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында үш бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бірінші бағытта үлкен ұжымдар бойынша кеңейтілген кешенді экологиялық рұқсаттар бағдарламасы енгізілді. Оған бүгінгі күні «Қазақстан Алюминийі» компаниясы, ЖЭС-1, ЖЭС-2, электролиз зауыты, Екібастұз қаласындағы «Шығыс» кеніші кірді. Бұл компаниялардың қатты қалдықтарының ауаны ластауын он жылда үш есеге азайту жоспарланған. Жалпы 50 мың тоннаға қысқартылады, – деді аймақ басшысы.
Бұл бағдарламаға ERG тобының тарапынан 178 миллиард теңге қаражат жұмсалмақ.
2025-2026 жылдары осы бағытта басқа да ірі өнеркәсіп орындарында кешенді экологиялық рұқсат ететін бағдарламалар бекітілмек. Бұл кәсіпорындар кіргеннен кейін қалдықтардың көлемі 11-12 пайызға қысқарады деп көзделген.
– Екінші бағыт – көгалдандыру жұмыстары. Жыл сайын аудан мен қалалар 40 мыңнан астам түп, оның үстіне жоқ дегенде 300-400 мыңдай түп орман мекемелерінде жыл сайын отырғызылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі миллиард ағаш отырғызу бағдарламасы аясында өзіміздің өңірімізде 400 мыңға жуық ағаш отырғызып, өсіру көзделуде. Оның бәрі де экологияға жақсы әсерін тигізеді деп ойлаймыз, – деді Асайын Байханов.
Үшінші бағыт – коммуналдық қатты қалдықтармен жұмыс жасау. Сондықтан бірінші кезекте Павлодар қаласында заманауи сұрыптау зауытының биыл құрылысы басталады. Ол жалпы 150 мың тоннаға жуық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Зауыттың құрылыс жұмыстары сәуір айының ортасында немесе аяғында басталады.