Павлодарда жастарға есірткінің зияны мен интернеттегі қауіптер түсіндірілді
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Есірткіге қарсы кітаптар» атты ақпараттық-ағартушылық акция өтті. Іс-шараға полиция қызметкерлері, кітапхана ұжымы мен студент жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акцияның басты мақсаты – жасөспірімдердің есірткі ортасына тартылуының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін арттыру.
Кездесу барысында Павлодар қаласы полиция басқармасы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығының орынбасары Айбек Алқамбек интернеттегі қауіп-қатерлерге тоқталды. Ол жастар арасында цифрлық есірткі гигиенасын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Атап айтқанда, күмәнді интернет-ұсыныстарды ажырата білу, қауіпті контенттен сақтану, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз әрекеттерге тартылуға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, студенттерге салауатты өмір салты, тәуелділіктің алдын алу және жеке қауіпсіздік тақырыптарына арналған әдебиеттер таныстырылды. Кітап көрмесі аясында жастар өзекті мәселелерді талқылап, зиянды әдеттердің салдары мен дұрыс таңдау жасаудың маңызы туралы ой бөлісті.
Полиция департаменті есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтті. Сондай-ақ есірткіге қарсы іс-қимыл, цифрлық қауіпсіздік және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі пайдалы мәліметтерді Павлодар облысының Antinarko.kz ақпараттық платформасынан алуға болатынын еске салды.
Мамандардың айтуынша, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру – есірткіге тәуелділіктің алдын алудың маңызды бағыттарының бірі.