Павлодар облысында грантты бизнеске емес, жеке қажеттілігіне жұмсаған
Кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мемлекеттік гранттарды мақсатсыз пайдалану дерегі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұзушылық туралы Ертіс ауданының прокуратурасы мәлімдеді. Белгілі болғандай, мемлекеттік гранттар азаматтарға ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және басқа да салалардағы бизнес-жобаларды іске асыру үшін қайтарымсыз негізде берілген.
Алайда 14 грант алушы өздеріне алған міндеттемелерін орындамаған. Мәлімделген бизнес-жобалар іске асырылмаған немесе ішінара ғана орындалған. Ал бөлінген қаражаттың кейбірі жеке және тұтынушылық қажеттіліктерге жұмсалған.
Бұдан бөлек, грант қаражатының жұмсалуы туралы есептер жобалардың нақты іске асырылғанын және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілгенін растамаған.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 18 миллион теңге қайтару қамтамасыз етілді. Үш талап арыз бойынша прокуратура талаптары сотпен қанағаттандырылды, тағы 11 іс бойынша қаражатты қайтаруды көздейтін медиациялық келісімдер жасалған.