Энергетик ішіп инфаркт алған: Павлодарда екі жас жігітке ота жасалды
Олар күн сайын 2-3 құты сергіткіш сусын тұтынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық кардиохирургиялық орталығында жүрек талмасымен түскен жастардың саны азаймай тұр. Жуырда жасы 25 пен 27-дегі екі тұрғынның өмірін сақтап қалу үшін күрделі медициналық ота жасалған.
– Екі жігіт те күнделікті 2-3 құты энергетик ішкен. Біріне стенттеу жүргізілсе, екіншісіне ашық жүрек отасы жасалды. Мұндай сусындардың құрамындағы кофеин мен таурин жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер етеді, – деді облыстық кардиохирургиялық орталығының интервенциялық кардиолог-дәрігері Айбек Төребекұлы.
Дәрігерлердің сөзінше, энергетикалық сусындар 25-40 жастағы ер адамдар үшін ерекше қауіп төндіреді. Тіпті, денсаулығында айқын кінәраты жоқ адамдар да инфарктке шалдығуы мүмкін. Оған қоса, аз қимылдау жүрек ауруларының даму ықтималдығын жоғарылатады.
Мамандардың айтуынша, бір құтыдағы кофеин мөлшері 3-4 шыныаяқ кофеге пара-пар. Ал таурин, гуарана мен женьшень секілді қосымша стимуляторлар жүрекке түсетін салмақты одан әрі арттырады.
Кардиологтар энергетик қабылдағаннан кейін жүрек қағысы жиілесе немесе әлсіздік пайда болса, тынығып, таза ауаға шығуға кеңес береді. Кеуде тұсы ауырса, жүрек ырғағы бұзылса немесе жағдай жарты сағат ішінде жақсармаса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Мұндай белгілерді елемеу өмірге қауіп төндіруі мүмкін.