Мәжіліс депутаты: АЭС салу арқылы халықтың әл-ауқаты көтеріледі

Мәжіліс депутаты: АЭС салу арқылы халықтың әл-ауқаты көтеріледі
Фото: Константин Шелков

Жарқынбек Амантай АЭС салу жайлы өз ойын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен атом электр станцияларын салу жөніндегі референдумды талқылау бойынша жиын өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантай да қатысты. 

– Халықпен кеңесе отырып, маңызды шешім қабылдағалы отырмыз. Референдум – бұл еліміздің шынымен демократиялы, халықтың үнін еститін қоғамға айналуға жасалып отырған қадам. Жерлестер АЭС салу туралы әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бірі қарсылық білдіріп жатса, бірі қолдап жатыр. Бұл дұрыс, мәселеде екі түрлі ой болады, –  дейді мәжілісмен. 

Жарқынбек Амантай бұл салаға жақын болмаса да зерттеп, зерделеп қарап көргенін жеткізді. Мәжілісменнің айтуынша, бұл сұрақ бір айдың көлемінде емес, 2017 жылдан бері қарала бастады. Сондай-ақ, жалпы елімізде энергияға деген тапшылық өте зор екенін тілге тиек етті. 

–  Энергия тапшылығы жыл сайын үш пайызға өсіп отыр екен. Бұған себеп халық санының өсуі, тұтынушылардың көбеюі. Сондықтан бізге энергия түрлерін барынша дамыту өте маңызды. 2017 жылы ЭКСПО құрылғанда осы мәселе кеңінен қаралған еді. Сол үшін осы баламалы энергияны дамытуда үлкен қадамдар жасалды. Кейін үлкен электростанциялар салына бастаған болатын. Бұл жеткіліксіз. Сондықтан инвестицияға үлкен компаниялардың қаржысын мемлекетке құюға мұқтажбыз, – дейді Жарқынбек Амантай. 

Ол АЭС салудың басқа да жақсы жақтарын атап өтті. Көбінесе халықтың наразылығын тудыратын мәселе – уақытша жұмыс орындары.  Атом электр станциясын салу арқылы халықтың әл-ауқаты да көтеріледі. Себебі, тұрақты жұмыс орындары пайда болады. 

–  Елімізге инвестиция құйып, үлкен өндіріс ошақтары салынса, тұрақты жұмыс пайда болады. Ал ондай өндірістерді салу үшін біздің елімізге кепілдендірілген энергия көзі керек, – дейді ол. 

Сондай-ақ, мәжілісмен АЭС салудың міндеттілігін атап өтті.

– Біз халықаралық конвенсияға қол қойған болатынбыз. Оған сәйкес 2006 жылға дейін экологияға аса зиянды қалдықтар шығаратын көмірмен, қатты отынмен энергия көзін өндіретін салаларды азайту міндеттелген. Егер бұл міндеттемелер орындлмайтын болса, біздің шығарған экспортымыз, өнімдеріміз шетелге шыққанда кедергілерге душар болады, – деді ол.  

Сонымен қатар, жиында энергия өндіруші станциялардың ескіргені жайлы сөз болды.