Май ауданында дәмхана әкімшілігіне айыппұл салынды

Май ауданында дәмхана әкімшілігіне айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дәмханаға қатысты тұрғындардан шағым түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 00.30 шамасында Май ауданының полициясына Көктөбе ауылының бір мекемесіне қатысты шағым түскен. Мекемедегі  қатты музыка мен салтанатты іс-шара  ауыл тұрғындарының тыныштығын бұзған. 

– Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Дәмхана әкімшілігіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Шағын кәсіпкерлік субъектісіне 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департаментте. 

Бүгінгі таңда Май ауданының полицейлері жыл басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін 9 ауыл тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты.  

Айта кетерлігі, облыста барлығы 3414 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Мұндай бұзушылық үшін  5, 20, 30 және тіпті 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза көзделген.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 437-бабы бойынша жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуы – жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.