Павлодарда екі шетелдікте есірткі дүкендерінің крипто әмияндары анықталған

Павлодарда екі шетелдікте есірткі дүкендерінің крипто әмияндары анықталған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Айналымы 100 миллион АҚШ долларынан асады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде есірткі қылмысымен күресудің қосымша шаралары әзірленді. Іс-шараға Президент Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Биылғы жылдың 11 айында елімізде 8 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталған, оның 2,2 мыңға жуығы сату фактісі бойынша. 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 1083 адам есірткіні сатқан. 37 халықаралық және 98 аймақтық есірткіні жеткізу арналарының жолы кесілген.

Прокуратураның бастамасымен елімізде «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы өткізіліп жатыр, 47 мыңнан астам граффити жойылған, есірткіні жарнамалау және оны насихаттау бойынша төрт есе көп қылмыстық істер қозғалған (111-ден 426-ға дейін). 36 есірткіні жарнамалаушы ұсталған.

Павлодарда есірткі өндірісімен айналысқан екі шетелдіктің қызметі тоқтатылған. Оларда Қазақстан мен ТМД елдерінде жұмыс істейтін, айналымы 100 миллион АҚШ долларынан асатын бірнеше есірткі дүкендерінің крипто әмияндары анықталған, – деп жазылған хабарламада. 

Үйлестіру кеңесі елімізде Ұлттық таргетинг орталығын бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің негізінде құру жобасының барысын қарастырды.

Кездесу нәтижесінде есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды анықтау үшін ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға, қаржылық тергеуді белсенді пайдалануға, шет ел азаматтарының заңсыз әрекеттерін алдын алу шараларын жүзеге асыруға, ойын-сауық мекемелерінің есірткі саудасы үшін жауапкершілігін арттыруға және т.б. бағытталған шешімдер әзірленді.