Ақсуда шетелдік инвесторларды тарту үшін АЭА құрылады
Ол үшін шетелдік тәжірибе зерделенді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» аймақ басшысы Асайын Байханов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталовтың қатысуымен Павлодар облысының шағын орта бизнес өкілдерімен кездеу өткізді. Шарада арнайы экономикалық аймақ туралы сөз қозғалды.
– Келесі жылы Ақсу қаласында инвестиция үшін тартымды аймақ құру жоспарланған. Ол үшін қазақстандық және шетелдік тәжірибе сараланды, – деді облыс әкімі.
Оның сөзінше, арнайы экономикалық аймақ әлеуетті инвесторларға дамыған көліктік және қажетті инженерлік коммуникациялары бар дайын жер учаскелерін инфрақұрылымды беруге мүмкіндік береді.
– Ақсуда инвестициялық аймағының ауданы шамамен 200 гектарды құрайды. Онда біз шамамен 52 өндірісті орналастыруды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта біз осы алаң бойынша үш жобалық жұмысты бастадық, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Ал биыл Павлодардың арнайы экономикалық аймағында бірнеше жаңа кәсіпорын іске қосылады. Оның ішінде қорғасын мырыш аккумуляторын қайта өңдеу мен машина жасау бұйымдарының қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттар бар.