Медавиация қызметі Павлодар қаласына алты науқасты тасымалдады
Медициналық авиация бөлімшесінің мамандары Екібастұздан екі рет науқастарды жеткізді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, Павлодар облысының медициналық авиациясы бірден төрт өтінімді орындады. Екі науқас Екібастұздан ұшақпен жеткізілді. 44 және 45 жастағы ер адамдардың бірнеше жерлері сынған, сондықтан зардап шеккендерді реаниматологиялық топ алып жүрді. Олар № 1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.
– Сол күні Баянауылға жер үсті көлігімен екі мамандандырылған бригада жіберілді. Асқынулармен босанған 34 жастағы әйелге реаниматолог пен акушер-гинекологтың көмегі қажет болды. Облыс орталығының мамандары науқасқа операция жасап, жағдайы толық тұрақталғанға дейін Баянауылда қалды. 1 шілдеде облыстық Сұлтанов атындағы ауруханаға ұшақпен жеткізілді. Жаңа туған сәбиін неонаталдық бригада өтініш берген күні облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді, – дейді станцияда.
Өткен бейсенбіде медициналық авиациямен реаниматолог, нейрохирург, травматолог және хирург Аққулыға шықты. Ауыр сынықтар тіркелген 29 жастағы әйелді мамандандырылған көмек алу үшін №1 Павлодар қалалық ауруханаға тасымалдау қажет болды.
Кешке медавиацияға Екібастұздан тағы бір өтінім түсті. Инфаркт алған 54 жастағы әйелді реаниматологтың сүйемелдеуімен облыстық кардиоорталыққа тасымалдады.
Облыстық жедел жәрдем станциясының құрамына кіретін медициналық авиация алты жағдайдың әрқайсысында жедел түрде арнайы көмек көрсетуді және тасымалдауды жүргізді.