Аязды күндері Павлодар трассасында жолда қалған жолаушылар құтқарылды

Аязды күндері Павлодар трассасында жолда қалған жолаушылар құтқарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Сол түні ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Түнгі сағат 03:00 шамасында Май ауданының полициясына ер адам  көмек сұрап хабарласқан. Айтуынша, «Атамекен – Курчатов» автожолында көлігі бұзылып қалған. Өз күшімен ақауды жоя алмағанын жеткізген.

–  «Газель – Фермер» автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласынан Шығыс Қазақстан облысы бағытына құрылысқа арналған  материалдарын тиеп келе жатқан. Жүргізушіден бөлек, салонда екі жолаушы болған. Жол үстінде көлік өшіп қалған. Ал сол түні сырттағы ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендеген. Бірнеше сағат бойы жолаушылар ақауды өз бетінше жөндеуге тырысқанымен, қатты аяз салдарынан нәтиже болмаған. Бұл уақытта жолда өзге көліктер де болмаған, - дейді тәртіп сақшылары.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері – капитан Әділет Оңалбаев пен старшина Ильдар Абдулкаримов азаматтарға жедел көмек көрсетті. Олар көлікті жылыту пунктіне дейін жеткізуге жәрдемдесіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, туындаған жағдайды шешу шараларын қабылдады. 

– Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында біз қатты аязда далада қалмадық. Бізге уақтылы көмек көрсетіп, жанашырлық танытқандары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді құтқарылған жүргізуші Сергей Павлович.

Осы ретте полиция жүргізушілерге қысқы кезеңде көлікті пайдалануға мұқият дайындалуды, жолға шығар алдында техникалық жағдайын тексеруді және төмен температура жағдайында алыс сапарға шыққанда жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.