Павлодар ауданының дамуына үлес қосқан жандар марапатталды
Шараға облыс әкімі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Кемеңгер ауылында болып, жоғары аграрлық колледжге, К. Әшімбетов атындағы ветлабораторияға, «AgroErtis» құзыреттілік орталығына және ауданның жаңа мұражайына барды. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданның мерейтойына арналған мерекелік шараларға қатысты.
– Бүгін 95 жыл толып отырған Павлодар ауданының тұрғындары үшін ерекше күн. Аудан осы уақытқа дейін айтарлықтай жетістіктерімен жетіп отыр. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің рекордтық көлемі орындалды – 60,2 милллиард теңге. Аудан жиналатын барлық көкөністердің жартысын қамтамасыз етеді, ал, ет өндірісі бойынша бірінші орында,– деп атап өтті облыс әкімі.
Салтанатты іс-шарада көп жылғы еңбегі мен туған өлкенің дамуына қосқан үлесі үшін медальдармен, төсбелгілермен, Алғыс хаттармен және грамоталармен аудан жұмыскерлері марапатталды. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.
Биыл ауданда «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 30 жоба іске асырылды. Келесі жылы тағы 16 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылып, жолдары жөндеуден өтеді.