Павлодар облысының әкімі тұрғындармен онлайн жүздесті

Эфирде абаттандыру сұрақтары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі жексенбі күні қала әкімі Хасар Хабылбековпен бірге тұрғындармен ашық форматта кездесті. Тікелей эфир кезінде олар қаланың бірнеше аумағын аралап, аулалардың жағдайымен танысты.
Асайын Байханов соңғы күндері қалада екі айлық қар нормасы бір түнде түскенін атап өтті. Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер қар мен көктайғаққа қарсы күрес жүргізіп жатыр. Алдағы апта жылы болатынына байланысты, жолдар мен аулаларды толық тазарту жұмыстары жалғасады.
Тұрғындармен әңгіме барысында қаладағы автотұрақтардың жетіспеушілігі, ескі аулалардағы көлік санының артуы мәселелері қозғалды. Әкімнің сөзінше, жыл сайын 100-150 аула абаттандырылып, 400-ден астам аулада автотұрақтар жасалған.
Бұдан бөлек, тікелей эфир кезінде аймақ басшысы ит-мысықтардың көбею мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, қаңғыбас жануарлардың пайда болуының басты себебі – тұрғындардың жауапсыздығы.
– Баспанасыз ит-мысықтар еш жерден келмейді. Оларды өзіміздің тұрғындар көшеге тастайды. Әр азамат жануар алған соң, оны стерилизация жасап, жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деді әкім.
Эфир барысында облыс және қала әкімдері тұрғындардың өтініштерін тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, кей аулалардағы ұзақ уақыттан бері қозғалмай тұрған көліктерді анықтау үшін полициямен бірлесіп жұмыс жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар,«Достық» ықшам ауданында жаңа мұз айдыны салынатыны белгілі болды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамада. Құрылыс келесі көктемде басталмақ.
Бұдан бөлек, Торайғыр ауылында су тарту жұмыстары аяқталып, келесі жылы жолдарды жөндеу жоспарланғаны айтылды. Ал шаһарды газдандыру жобасы 2028 жылға дейін жүзеге асырылмақ.
Тікелей эфир форматы тұрғындармен ашық диалог орнатуға және өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беріп келеді.